Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз
Амангелді ауданының педагог қызметкерлері «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде бас қосты.
Конференцияға Амангелді ауданының әкімі Кеделбаев Қанат Уәшұлы, Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының бас маманы Сейдахметова Бәтима Мұхамбетқалиқызы, Арқалық политехникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бейсенғалиева Әдемі Ғалымжанқызы және ауыл әкімдері қатынасты.
Қанат Уәшұлы білім мен ақпараттық технология өзгеріп жатқан уақытта елдің болашағы білім сапасына, ұстаздар қауымына тікелей байланысты екенін атап өтіп, мұғалімдерге жаңа оқу жылына зор табыстар тіледі.
Амангелді ауданының білім бөлімі басшысы Дихамбаев Мұрат Сембайұлы білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен маңызды қадамдарға кеңінен тоқталды.
Әдемі Ғалымжанқызы өз бандамасында политехникалық колледждің басты бағыттар және стратегиялық мақсаттары жөнінде баяндап берді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылып жатқан жұмыстарын атап көрсетті.
Сонымен қатар Амангелді жалпы білім беретін мектебінің директоры Дәуітбаев Бекзада Шайкамалұлы тірек мектептерінің жұмыс жүйесі, Б.Қолдасбаев мектебінің директоры Әбдіков Мұхамбетәлі Серікұлы сапалы білім мен серпінді даму бағытындағы табысты мектептің даму үлгісі, Тасты жалпы білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Абдирова Луиза Өтеғалиқызы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ата-аналармен бірлесе жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен іс-шаралар жөнінде баяндады.
Кеңес әдеттегі дәстүр бойынша педагогтерді марапаттаумен жалғасты.
«Еңбек ардагері» медалімен ардагер ұстаз Сәрсенбаева Ания Жүнісқызы марапатталды.
Сонымен қатар Қостанай облысы білім және ғылым ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының медалі Құмкешу мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Нұрханова Зүбайра Мұсақызы, Бүйректал мектебінің директоры Баймағанбетова Айман Күлекешқызы, Қарынсалды негізгі орта мектебінің директоры Өмірзақова Жеңіскүл Сүндетбайқызы, Ы.Алтынсарин мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақжанов Бақытбек Ақынғазыұлына табыс етілді.
«Үздік мектеп ауласы» конкурсына қатысқаны үшін облыстық білім басқармасының алғыс хатымен Ә.Боранбаев атындағы жалпы білім беретін мектебі марапатталды.
Сонымен қатар бірқатар ұстаздар Амангелді ауданы әкімінің, Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының, Амангелді ауданы білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен мадақталды.